№ 37-НҚ от 17.02.2026
|
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
|
РЕСПУБЛИКАНСКОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ «КОМИТЕТ САНИТАРНО-ЭПИДЕМИОЛОГИЧЕСКОГО КОНТРОЛЯ МИНИСТЕРСТВА ЗДРАВООХРАНЕНИЯ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН»
|
|||
|
БҰЙРЫҚ
_____________________________ Астана қаласы |
ПРИКАЗ
№ ____________ город Астана |
|||
Жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне арналған
салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру және
мектептегі тамақтануды сүйемелдеу жөніндегі
әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы № 644 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет) туралы ереженің 19-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне арналған салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру және мектептегі тамақтануды сүйемелдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.
2. Комитет:
1) осы бұйрықты Комитеттің интернет-ресурстарында орналастыруды;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Төраға С. Бейсенова
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
Санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау комитеті төрағасының
2026 жылғы «___»___________
№_________ бұйрығына
қосымша
Жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне арналған
салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру және
мектептегі тамақтануды педагогикалық сүйемелдеу
жөніндегі әдістемелік ұсынымдар
1-тарау. Кіріспе
1. Осы Жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне арналған салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру және мектептегі тамақтануды педагогикалық сүйемелдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды (бұдан әрі – Әдістемелік ұсынымдар) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21857 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығының негізінде әзірледі.
2. Әдістемелік ұсынымдар жалпы білім беретін мектептердің білім алушыларының салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және саналы тамақтану мінез-құлқының тұрақты дағдыларын қалыптастыру мақсатында әзірленді.
3. Әдістемелік ұсынымдар ұсынымдық сипатта болады, жалпы білім беретін ұйымдардың педагог қызметкерлеріне арналған және мектептің тәрбиелік, профилактикалық және білім беру қызметі шеңберінде қолданылады.
2-тарау. Салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі мен маңызы
4. Мектеп жасындағы балалардың ұтымды және теңгерімді тамақтануы халық денсаулығын сақтау мен нығайтудың, адами капиталды қалыптастырудың және мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып табылады.
5. Мектепте оқыту кезеңінде адамның бүкіл өмір бойғы денсаулығын айқындайтын негізгі биологиялық, когнитивтік және мінез-құлықтық тетіктер қалыптасады. Бұл кезең қарқынды өсуімен, жүйке, эндокриндік және иммундық жүйелердің дамуымен сипатталады.
6. Мектеп жасындағы жеткілікті әрі теңгерімді тамақтану:
оқу қабілетіне және зейін қою деңгейіне;
шаршау деңгейіне және еңбекке қабілеттілікке;
эмоциялық тұрақтылыққа;
дене дамуына және төзімділікке;
тірек-қимыл аппаратының қалыптасуына тікелей әсер етеді.
7. Мектеп жасындағы жеткіліксіз, жүйесіз және теңгерімсіз тамақтану өмірлік маңызы бар нутриенттердің тапшылығына ғана емес, оқу үлгерімінің төмендеуіне, есте сақтау қабілетінің нашарлауына, мазасыздықтың артуына, сондай-ақ ересек жаста созылмалы инфекциялық емес аурулардың қалыптасуына әкеледі.
8. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай өзара байланысты мынадай екі проблемамен:
дәрумендер, темір, кальций және тағамдық талшықтар тапшылығымен;
қантты, тұзды және ультраөңделген өнімдерді шамадан тыс тұтынумен байланысты артық салмақ, семіздік және метаболикалық бұзылыстардың өсуімен қатар жүруімен сипатталады.
9. Осы жағдайларда жалпы білім беретін мектеп инфекциялық емес аурулардың алдын алудың негізгі алаңы болып табылады, себебі осы мектеп ортасында бала ұйымдастырылған тамақтанумен тұрақты түрде өзара байланыста болады және оның рационы мен өміріне ұзақ мерзімді әсер ететін тамақтану мінез-құлқының тұрақты үлгілерін меңгереді.
3-тарау. Мектептегі тамақтанудың әлеуметтік-педагогикалық рөлі
10. Мектептегі тамақтану білім алушыларды қауіпсіздік, сапа және физиологиялық құндылық талаптарына сәйкес келетін тағаммен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар тамақтану мінез-құлқын қалыптастырудың әлеуметтік-педагогикалық процесі болып табылады.
11. Тамақтану процесі барысында білім алушы:
ересектер мен қатарластарының мінез-құлқын бақылайды;
әлеуметтік нормалар мен қағидаларды меңгереді;
тағамға, өнімдерге және тамақтану режиміне деген көзқарасын қалыптастырады.
12. Балалардың тамақтану мінез-құлқы тек ақпараттық түсіндіру арқылы ғана емес, сонымен қатар:
маңызды ересектердің тағамға деген көзқарасын;
олардың мінез-құлқы мен пікірлерін;
мақұлданған және мақұлданбаған өнімдерді элементтерді қамтитын әлеуметтік үлгі арқылы қалыптасады.
13. Педагог мектеп ортасында білім алушылардың дұрыс, пайдалы және әлеуметтік тұрғыдан қабылданатын тамақтану туралы түсінігін қалыптастыра отырып, маңызды мінез-құлықтық бағдар рөлін атқарады.
14. Ересектер тарапынан айтылған жағымсыз пікірлер, мысқыл, қанағаттанбаушылықты көрсету немесе бейжай қарау балалардың мектептегі тамақтануға деген сенімін төмендетеді және тағамның сапасы жоғары болған жағдайда да пайдалы тағамнан бас тартудың қалыптасуына ықпал етеді. Мұндай жағдайларда пайдалы өнімдерге тұрақты түрде теріс көзқарас қалыптасады және тәтті және майлы тағамдарға деген артықшылық беріледі.
4-тарау. Мектептегі тамақтану жүйесіндегі педагогтің рөлі мен функциялары
15. ФАО Қазақстанның TCP/KAZ/3901 «Салауатты тамақтануды дамыту мен ауқымын кеңейтуге қосқан үлес» жобасы аясында іске асырылған Макинск қаласындағы мектеп-гимназияда жаңартылған мектеп мәзірін пилоттық енгізу нәтижелері (2025 жыл) тамақтануды педагогикалық сүйемелдеу мәзірдің сапасымен шамалас әсер ететінін көрсетті.
16. Педагогтер білім алушылармен бірге тамақтанған және тағамдарға оң көзқарас танытқан күндері тұтыну деңгейі 20–40 пайызға артты.
17. Мектептің педагогикалық ұжымы алиментарлық тәуелді және инфекциялық емес аурулардың алдын алу жүйесіндегі ең маңызды элемент болып табылады.
18. Мектепте салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру педагог үшін қосымша жүктеме болып саналмайды, керісінше, үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу жөніндегі оның кәсіби миссиясының ажырамас бөлігі болып табылады.
19. Тағамға саналы және сабырлы түрде қарауды үйренген бала өзін-өзі реттеу деңгейінің, күйзеліске төзімділігінің және оқу қабілетінің жоғары болуымен ерекшеленеді.
20. Мектептегі тамақтану жүйесінде педагог мынадай функцияларды орындайды:
1) мінез-құлықтық көшбасшы – жеке үлгісі арқылы тамақтану мәдениетін қалыптастырады. Ересектердің жағымды үлгісі балалардың дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға ықпал етеді, жаңа өнімдерден қорқу сезімін азайтады және тамақтану мәдениетін дамытуға ықпал етеді;
2) коммуникатор – өнімдердің пайдасын түсіндіреді, сұрақтарға жауап береді, тағамға деген сенімді қарым-қатынасты қалыптастырады. Педагогтің маңызды міндеті – тағам туралы сұрақтар қолдау табатын, ал балалар өзін сенімді әрі қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру;
3) ұйымдастырушы – тамақтану кезінде тәртіп пен сабырлы жағдайды қамтамасыз етеді. Ұйымдастырылған орта балалардың тағамға зейін қоюына көмектеседі және, күйзеліс пен бейберекеттілікті азайтады, сондай-ақ ықтимал қақтығыстарды барынша төмендетеді. Тамақтану процесін нақты ұйымдастыру балаларда тәртіп пен асхана ережелеріне құрмет сезімін қалыптастырады;
4) уәждеуші балаларды жаңа тағамдардың дәмін татуға жеңіл түрде ынталандырады, қысымсыз және мәжбүрлеусіз бастамаларды қолдайды. Ойын элементтерін, мадақтауды немесе жеке үлгіні қолдана отырып, педагог салауатты тағамға деген қызығушылықты арттырады және балаларды өнімдердің алуан түрлілігін бағалауға үйретеді. Тамақтану процесіне ынталы қатысу баланың денсаулығын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік дағдыларын да нығайтады.
21. Салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру педагогтің кәсіби қызметінің бір бөлігі болып табылады және қосымша жүктеме ретінде қарастырылмайды.
5-тарау. Балалардың пайдалы тағамнан бас тарту факторлары және педагогикалық тәсілдер
22. Пилоттық зерттеу деректерін талдау нәтижесі балалардың пайдалы тағамнан бас тартуы тағамның өзіне, сондай-ақ тамақтану барысындағы әлеуметтік-педагогикалық жағдайға байланысты мынадай бірқатар факторларға негізделгенін көрсетті:
1) отбасында қалыптасқан тұрақты дәмдік әдеттер;
2) жаңа немесе тәттілігі төмен дәмдерге сенімсіздік: тәтті емес немесе үйреншікті емес тағамдарға сақтықпен қарау;
3) ересектердің әлеуметтік ықпалы: педагогтер мен персонал тарапынан жағымсыз пікірлер немесе бейжайлық;
4) тартымсыз ұсынылуы: тағамдардың сыртқы көрінісінің тартымсыздығы тұтыну деңгейін төмендетеді;
5) тамақтануға бөлінген уақыттың шектеулілігі: асығыстық тағамды толық қабылдауға кедергі келтіреді.
23. Тағамнан бас тарту жағдайларын азайту үшін педагогтерге көрсетілген факторлардың жиынтығын ескеруді және жағымды коммуникацияны, тыныш ахуалды ұйымдастыруды және тамақтануға жеткілікті уақыт бөлуді қамтитын кешенді тәсілді қолдану ұсынылады.
6-тарау. Мектептегі тамақтануды педагогикалық сүйемелдеудің қағидаттары
24. Тамақтануды педагогикалық сүйемелдеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) жеке үлгі қағидаты – балалардың тағамды қабылдауындағы негізгі фактор болып табылады;
2) жағымды пікір қағидаты – өнімдердің пайдасы туралы қысқа әрі түсінікті тұжырымдар (мысалы: «Тауық еті бұлшықеттердің өсуіне көмектеседі», «Сүт сүйектерді нығайтады», «Сәбіз көзге пайдалы», «Брокколи саған күш береді і әрі сау етеді»);
3) тыныштық қағидаты – асығыстықтың, қысымның және жағымсыз эмоциялардың болмауы (шу, жүгіру, айқай және асығыстық күйзеліс тудырады және тағамға зейін қоюға кедергі келтіреді, бұл тағамнан бас тартуға әкеледі);
4) жеткілікті уақыт қағидаты – тамақтануға кемінде 20 минут бөлу (асығатын немесе уақыты шектеулі балалар тағамды тауысып жемейді, жаңа өнімдерді байқап үлгермейді және тойыну сезімін толық сезінбейді);
5) біртіндеп бейімдеу қағидаты – жаңа өнімдерді мәжбүрлеусіз біртіндеп енгізу (жаңа тағамдарды жүйелі әрі сабырлы түрде енгізу қысымсыз салауатты тамақтану әдеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді).
25. Педагогке білім алушылардың жас ерекшелігіне сәйкес келетін қысқа, көрнекі тұжырымдарды қолдану ұсынылады (мысалы: «Көкөністер иммунитетті нығайтады», «Ет өсуге және шаршамауға көмектеседі»). Мұндай тұжырымдар өнімдердің дәлелденген тағамдық қасиеттеріне негізделеді және баланың тағамның денсаулық пен өсу үшін нақты пайдасын түсінуіне көмектеседі. Педагогтің тағамға оң көзқарас танытуы, балаларды тағамдарды байқап көруге ынталандыруы және процесті олардың пайдасы туралы қысқаша пікірлермен сүйемелдеуі маңызды.
7-тарау. Педагогке асханада басшылыққа алу үшін үсынымдар
26. Педагогке:
1) тамақтану кезінде асханада болуы, педагогтің жеке қатысуы сенімді атмосфера қалыптастырады, алаңдаушылықты төмендетеді және балалардың тағамға зейін қоюына көмектеседі;
2) тағамдарға құрметпен әрі жағымды көзқарас көрсетуі, дәмін мақтауы, өнімдердің пайдасы туралы дәлелді пікірлерді қолдануы;
3) жаңа тағамдарды байқап көру әрекеттерін қолдауы, жұмсақ қолдау мен шағын ынталандырулар баланың пайдалы өнімдерді рационына енгізуге дайындығын арттырады;
4) көкөністерді тұтынуға ерекше назар аударуы, балаларды көкөністерді байқап көруге ынталандыру, кемінде 2–3 түйір алуды сұрау және талпынысы үшін мадақтау;
5) тағамнан бас тартатын балаларға қолдау көрсетуі өнімнің не үшін пайдалы екенін дұрыс түсіндіру, қысымсыз және жазалаусыз шағын үлестерді немесе әртүрлі ұсыну тәсілдерін ұсыну ұсыналады.
27. Педагогке:
1) тағам туралы теріс пікірлер баланың сенімін төмендетіп, тағамға деген жағымсыз көзқарасты қатынасты қалыптастыратындықтан, тағамды сынауға немесе оған жағымсыз көзқарас білдіруге;
2) асығыстық күйзеліс туғызып, әсіресе жаңа немесе үйреншікті емес тағамдардан бас тартуға алып келетіндіктен, балаларға қысым көрсетуге, мәжбүрлеуге немесе асықтыруға;
3) тамақтануға байланысты кінә немесе ұялу сезімін қалыптастыруға ұсыным берілмейді.
28. Педагог тағам дайындау сапасын бақылауды жүзеге асырмайды және технологиялық процеске араласпайды.
8-тарау. Ас блогымен өзара іс-қимыл және мониторинг
29. Педагог тағамдардың дәмі, сыртқы көрінісі және қабылдануы туралы білім алушылардан жинақталған кері байланысты жинауды жүзеге асырады.
30. Алынған ақпарат мектеп әкімшілігіне немесе жауапты тұлғаға тағамның өнім берушілерімен кейіннен өзара іс-қимыл үшін беріледі.
31. Тағам тұтынуын мониторингілеу бақылау сипатында болады және жеке бағалауды көздемейді.
9-тарау. Ынталандыру және уәждеу жүйесі
32. Салауатты тамақтануға тұрақты уәждеме қалыптастыру мақсатында қатысу мен тартылуға бағытталған жағымды ынталандыру нысандарын енгізу ұсынылады.
33. Ынталандырудың ықтимал нысандары:
1) сыныптардың ұжымдық рейтингтері «Ең салауатты сынып» деген ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы марапатты бере отырып, көкөністерді, салаттарды және басқа да пайдалы тағамдарды тұтыну бойынша қай сыныптардың жақсы нәтиже көрсеткенін қадағалау. Мұндай рейтинг балаларға ұжымдық нәтижені көруге және оны жақсартуға ұмтылуға мүмкіндік береді;
2) мектеп іс-шараларында жария түрде марапаттау – жетістіктерді жария мойындау балаларды ынталандырады, қатарластарына оң үлгі қалыптастырады және салауатты тамақтану әдеттерін бекітеді.
34. Ынталандыру жүйесі жазалау немесе кемсіту сипатында болмауға тиіс. Ол тек бәсекелестік рухты емес, салауатты тағамға қызығушылықты арттыруға және әртүрлі рационға дағды қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
10-тарау. Тамақтану стандарты талаптарының сақталуын қамтамасыз етудегі басшы мен жауапты тұлғаның рөлі
35. Жалпы білім беретін ұйымдағы Тамақтану стандарты талаптарының сақталуы жүйелі басқару, мектеп басшысы және тағайындалған жауапты тұлға арасында өкілеттіктер мен жауапкершілікті нақты бөлу, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіру арқылы қамтамасыз етіледі.
36. Жалпы білім беретін ұйымның басшысы Тамақтану стандарты талаптарының сақталуына жағдай жасау үшін дербес жауапты болады және мыналарды қамтамасыз етеді:
1) тамақтану кестесін, тамақтану ұзақтығын (кемінде 20 минут қоса алғанда білім алушылардың тамақтану режимін бекітуді, сондай-ақ асығыстық пен шамадан тыс жүктемені болдырмау мақсатында асханада білім алушылардың ағындарын бөлуді;
2) педагогикалық қызметкерлердің тамақтануды сүйемелдеуге қатысу тәртібін қоса алғанда, білім алушылардың тамақтануын педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастыруды;
3) бекітілген мәзірді өткізу үшін ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз етуді, оның ішінде:
нақты ұсынылатын тағамның бекітілген мәзірге сәйкестігін;
белгіленген келісу тәртібінсіз тағамдарды алмастыруға жол бермеуді;
4) мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға жауапты тұлғаны оның функционалдық міндеттерін нақты айқындай отырып, бұйрықпен тағайындауды;
5) мектептегі тамақтану сапасын бақылау жөніндегі бракераждық комиссияны оның функцияларын нақты айқындай отырып (комиссия құрамы, жұмыс кезеңі, комиссия мүшелерінің міндеттері) бұйрықпен құруды;
6) бракераждық комиссияның объективті және тұрақты жұмыс істеуіне, оның ішінде бракераждық құжаттаманың жүргізілуін бақылауға жағдай жасауды;
7) Тамақтану стандартының, санитариялық қағидалардың және шарттық міндеттемелердің талаптарын сақтау мәселелері бойынша мектептің тағамның өнім берушісімен және (немесе) ас блогымен өзара іс-қимылын ұйымдастыруды;
8) мынадай:
тамақтану режимінің сақталуы;
тағамдарды нақты тұтыну деңгейі;
білім алушылардың жекелеген тағам түрлерінен бас тарту себептері;
бракераждық комиссия жұмысының нәтижелері;
тамақтануды ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар туралы жинақталған ақпаратты қарауды;
9) Тамақтану стандарты талаптарының сақталмауының анықталған ұйымдастырушылық, басқарушылық және педагогикалық себептерін жоюға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді.
37. Жауапты тұлға мектептің күнделікті қызметінде Тамақтану стандарты талаптарының орындалуын үйлестіруді қамтамасыз етеді және мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) бекітілген кестеге сәйкес педагогикалық қызметкерлердің білім алушылардың тамақтануын сүйемелдеуін ұйымдастырады;
2) мыналарды:
тамақтанудың уақтылы басталуын;
тамақтану ұзақтығының жеткіліктілігін;
асығыстықтың, шудың және күйзеліс факторларының болмауын қоса алғанда тамақтануды ұйымдастыру шарттарының сақталуын бақылайды;
3) мыналар:
Тамақтану стандартының талаптары;
тамақтануды педагогикалық сүйемелдеудің қағидаттары;
асханада ересектердің жол берілмейтін мінез-құлық нысандары туралы педагогикалық қызметкерлерді ақпараттандыруды қамтамасыз етеді;
4) мыналар:
тағамдарды нақты тұтыну туралы;
жекелеген тағам түрлерінен бас тарту туралы;
білім алушылардың жаңа тағамдарға реакциясы туралы жинақталған деректерді жинауды және талдауды ұйымдастырады;
5) тамақтануды ұйымдастырудағы жүйелі проблемалар анықталған жағдайда түзететін ұйымдастырушылық шараларға (кестелерді өзгерту, ағындарды қайта бөлу, педагогикалық сүйемелдеуді күшейту) бастамашылық етеді.
6) (тағам дайындаудың технологиялық процесіне араласпай) нақты ұсынылатын тағамның бекітілген мәзірге сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
7) белгіленген тамақтану режимінің сақталуын қадағалайды және анықталған бұзушылықтар туралы мектеп әкімшілігін хабардар етеді;
8) педагогтер мен білім алушылардан мынадай:
тағамдардың дәмі мен сыртқы көрінісі;
порция көлемі;
тамақтануды ұйымдастырудың қолайлылығы мәселелері бойынша жинақталған кері байланысты жинауды ұйымдастырады;
9) ұйымдастырушылық, мінез-құлықтық және ортадағы факторлармен байланысты тағамнан бас тарту себептері туралы ақпаратты жүйелейді;
10) басқарушылық шешімдер қабылдау және тағамның өнім берушілерімен өзара іс-қимыл жасау үшін жинақталған талдамалық деректерді мектеп әкімшілігіне береді;
11) Тамақтану стандартында көзделген көкөністерді, сүт өнімдерін және басқа да басым өнім топтарын тұтынуды арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асыруға қатысады;
12) тамақтануды ұйымдастыру кезінде ақпарат алмасу және оның қорытындыларын ескеру бөлігінде бракераждық комиссиямен өзара іс-қимыл жасайды.
38. Мектеп әкімшілігі мен жауапты тұлғаның функцияларын нақты бөлу және іске асыру Тамақтану стандарты талаптарының жүйелі сақталуын, ұйымдастырушылық бұзушылықтардың азаюын, білім алушылар мен ата-аналардың мектептегі тамақтануға деген сенімінің артуын және жалпы мектептегі тамақтану жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етеді.
11-тарау. Білім алушылармен түсіндіру жұмысы
39. Педагогтер оқу процесі мен тәрбиелік қызмет аясында балалармен салауатты тамақтану туралы жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс.
40. Түсіндіру жұмысының мақсаты – балалардың тамақтануға деген саналы көзқарасын, өнімдердің пайдасын түсінуін қалыптастыру және салауатты рационның тұрақты әдеттерін дамыту.
41. Жұмыс нысандары мыналарды қамтиды:
1) сынып сағаттары мен тақырыптық сабақтар – өнімдердің пайдалы қасиеттерін, теңгерімді тамақтану қағидаларын, көкөністердің, жемістердің, бұршақ дақылдарының, тұтас дәнді және сүт өнімдерінің маңызын талқылау;
2) оқу пәндеріне интеграциялау – тамақтану туралы ақпаратты биология, дүниетану және басқа да аралас пәндерде қолжетімді әрі көрнекі түрде пайдалану;
3) көрнекі материалдар мен ойын әдістерін қолдану – балалардың ақпаратты меңгеруіне және тұрақты тамақтану әдеттерін қалыптастыруына көмектесетін викториналар мен интерактивті тапсырмалар.
12-тарау. Әдістемелік ұсынымдарды енгізудің күтілетін нәтижелері
42. Осы әдістемелік ұсынымдарды іске асыру:
1) пайдалы тағамдарды тұтынудың артуына;
2) салауатты тамақтану мәдениетінің қалыптасуына;
3) тағамнан бас тарту жағдайларының азаюына;
4) алиментарлық тәуелді аурулардың алдын алуға;
5) қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінде мектептің рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Согласовано
06.02.2026 08:12 Тилесова Айгуль Шарапатовна
06.02.2026 09:09 Кожатова Гулшарат Еркинбековна
06.02.2026 11:12 Сейтмагамбетова Шаукиш Аманжоловна
06.02.2026 11:45 Ширинбекова Рита Абдукасымовна
06.02.2026 14:43 Садвакасов Нуркан Олжабаевич
Подписано
06.02.2026 17:36 Бейсенова Сархат Сагинтаевна





